Ақмолалықтар үшін биылғы жыл табысты болды-Сергей Кулагин

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Ақмолалықтар үшін биылғы жыл табысты болды. Бұл туралы облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХААтілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аппарат кеңесінде Жаңа жылдық мерекелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер қойылды. Аппарат кеңесіне құқық қорғау органдарының, облыстық департаменттер мен басқармалардың, ведомстволардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын шығара келе, облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстанның барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті.

Еліміздің табысына астаналық облыстың да қосқан үлесі мол. Ақмолалықтар инвестициялық жобаларды ойдағыдай жүзеге асырып, маңызды мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде жаңа кәсіпорындарды, бірқатар әлеуметтік нысандарды іске қосты.

«Облыс өнеркәсіп өнімдерінің көлемі бойынша республикада үшінші көрсеткішті иеленсе, тұрғын үйлерді пайдалануға беруден екінші, инвестиция тартудан үшінші орында тұр. Биыл барлық қызмет салалары жақсы жұмыс істеді. Әсіресе, құқық қорғау органдары міндет үдесінен шыға білді. Сондықтан, бүкіл республикалық ұйым, мекеме, ведомстволардың өкілдеріне алғысымды білдіремін»,- деді облыс әкімі өз сөзінде.

Бұған қоса, аппарат кеңесінің барысында облыста Жаңа жылдық мерекелердің қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету жөнінен тапсырмалар берілді. Сол сияқты тиісті облыстық қызметтердің басшыларына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдардың - жылу, су және электр қуатымен қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмысын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды. Сондай-ақ, республикалық, жергілікті маңызы бар жолдарда автокөліктердің қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету орайында жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы, «Қазавтожол» филиалы басшыларына тиісті міндеттер жүктелді.

«Әуежай, теміржол стансалары, автовокзалдардың жұмысы ерекше бақылауда болуы тиіс, деп атап өтті Сергей Кулагин.

Сөзінің соңында облыс әкімі жиналғандарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, 2017 жыл ақмолалықтар үшін бұрынғыдан да табысты жыл болатындығына сенім білдірді және зор денсаулық, жақсылық, ынтымақ-береке, еліміздің гүлденіп, өркендей беруіне тілектестігін білдірді.