Ақмолалықтар Жеңіс күнін сән-салтанатымен атап өтті

Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар Жеңістің 78 жылдығын сән-салтанатымен атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік шара облыс әкімі Ермек Маржықпаев, облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, соғыс және еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық кәсіпорын-ұйым, мекемелердің басшыларының қатысуымен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткіші және Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Бұдан кейін мерекелік шара «Абылай хан» алаңында жалғасын тапты. Онда осынау мерекені тойлауға шыққан мыңдаған ақмолалық «Ұлы Жеңіске тағзым!» әдеби-музыкалық композициясын тамашалады.


Салтанатты митингіде өңір басшысы Ермек Маржықпаев құттықтау сөз алып, елімізді зұлым жаудан қорғап қалған ардагерлердің атына ізгі тілегін жолдады.

Аймақ басшысы атап өткендей, Ақмола облысынан 90 мың адам майданға шақырылып, 37 мыңнан сәл астамы ғана оралды. Ақмолалықтар барлық майдандарда соғысып, Мәскеу, Сталинград, Курск доғасындағы шайқасқа қатысты. Оның ішінде 66 ақмолалық Кеңес Одағының Батыры және Даңқ орденінің толық кавалерлері болды.


Сонымен бірге, әскери киім киген жастар би билеп, ән айтып, мерекенің мәнін одан сайын аша түсті.

Алғашқы «Қазақстан – бақыт мекені» көрінісі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының солистері Серікболсын Бекмолдин, Аягөз Қалмағанбетова, Абзал Ес, Әйгерім Дәулетхан, бейбіт аспан мен жаңа қазақстандық патриотизмді бейнелейтін «Көкшетау» мәдениет сарайы шығармашылық ұжымдарының орындауындағы Серік Ибрагимовтың «Отаным» әнімен ашылды.


Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театры актерлерінің орындауындағы «Мәлік Ғабдуллин» көрінісінде «Жас ғабдуллиншілер» клубы, «Көкшетау» мәдениет сарайы хореографиялық ұжымдарының қатысушыларымен «Жеңіс лентасы» мерекелік лентасын бір мезетте тарату рәсімі ұйымдастырылды.

«Би – рух тынысы» көрінісінде Ақан Сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің хореографиялық ансамбльдері, «Көкшетау» мәдениет сарайының «Тұмар», «Сувенир» халықтық би ансамблдерінің орындауында солдаттық әндер орындалды.

«Ұлы Жеңіс» көрінісі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы, Біржан сал атындағы музыкалық колледжі бірлескен хоры, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Сымбат», «Палитра» хореографиялық ансамблдері, «Достар» мәдениет сарайының «Асыл мұра», «Арай» би ансамблдері мен хореографиялық ұжымдарының орындауындағы И.Елемесінің «Жеңіс күні» әнімен сүйемелденді.

«Атамекен» көрінісі де әсерлі болды. Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін «Көкшетау» мәдениет сарайының триосы орындауында және хореографиялық ұжымдарының кіші топтары мен жастар ресурстық орталығы қатысушыларының қала тұрғындарына бір мезетте 500 мемлекеттік жалауларды табыстауымен аяқталды.

Мерекелік шара жергілікті шығармашылық ұжымдарының орындауындағы «Ұлы Жеңіс әндері!» кешкі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Жеңіс күніне орай ақмолалық соғыс ардагерлері 1,5 млн теңгеден алатынын жазған едік.