Шара Астананың 20 жылдығы және Есіл қаласының 55 жылдығы шеңберінде өтті. Қазақстандық танымал модельер, осы ауданның тумасы Малика Үсіпованың «Malique» брендінің сәні көрсетілді. Ұлттық нақышта тігілген «Қыз ұзату» көйлектерінің коллекциясын есілдік арулар киіп шықты.
Шара шеңберінде «Есіл дауысы-2018» вокалдық байқауының финалдық кезеңі ұйымдастырылды. Жас таланттарға жол ашатын музыкалық жобаны жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 6 қатысушы финалдық кезеңге қатыса алады. Жеңімпаздарға 100 000 теңгенің сертификаты тапсырылады. Бұл жолы байқауға қатысушылар бір ай бойы ән орындап шықты.
Сондай-ақ, отандық эстрада жұлдызы Қайрат Баекенов, «Формат» және «Килиманджаро» топтарының орындауындағы әсем ән мен «Arlan-girls» қыздарының мың бұралған биі есілдіктерді шалқыта түсті.
Есіл ауданында жазғы 31-ші облыстық «Ақ бидай» спартакиадасы шеңберінде ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары «В Контакте» әлеуметтік желісінде дауыс беру арқылы анықталды.
Қала әкімі Ғазиз Айтмұхамбетов Есіл дауысы-2018» вокалдық байқауының жеңімпазы Арсен Аманжоловқа ақшалай сертификат тапсырды.