Ақмоланың бір ауданында жылу мен су тарифтері 72%-ға дейін арзандады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қарашадан бастап Зеренді ауданының тұрғындары мен ұйымдары үшін жылу энергиясы мен су тарифтері төмендетілді, деп хабарлайды Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Фото: Pexels

Талдау барысында «Зеренда Сервис» ШЖҚ МКК табиғи монополиялар туралы заңнама талаптарын бұза отырып, тарифтік сметада негізсіз жоғарылатылған шығыстарды көздегені анықталды. 

Зеренді ауданы прокуратурасының прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде Гранитный кентінде тұтынушылар үшін жылу энергиясының орташа босату тарифі 1 Гкал үшін 4 014,60 теңгеден 1 121,22 теңгеге дейін, яғни 72,07%-ға түсті. 

Сондай-ақ жылу энергиясының орташа босату тарифі 1 Гкал үшін 7 915,48 теңгеден 6 326,64 теңгеге дейін, яғни 20,07%-ға төмендеді.

Сумен жабдықтау қызметі бойынша тариф 1 м³ үшін 254,97 теңгеден 234,00 теңгеге дейін, яғни 8,22%-ға азайды. 

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 70 кәсіпкерлік субъектісін қоса алғанда, 2 903 тұтынушының құқықтары қорғалды.

— Анықталған бұзушылықтар үшін «Зеренда Сервис» ШЖҚ МКК әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 1,8 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды, — делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Қызылордада жарықтың жаңа тарифі бекітілгенін жазғанбыз.