Әкімшілік соттарда азаматтардың құқықтарын қорғауда прокурордың рөлі қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Әкімшілік сот ісін жүргізуде азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік органдардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету маңызды бағыттардың бірі. Бұл ретте прокурор әкімшілік даудың белгілі бір тарапының мүддесін қорғамай, заң талаптары мен сотта зерттелген дәлелдер негізінде тәуелсіз ұстаным қалыптастырады. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Жасұлан Түстікбаев айтты.

Фото: Бас прокуратура

Оның айтуынша, мұндай қатысу азаматтар, ұйымдар мен мемлекет арасындағы қатынастарда заңдылықты қамтамасыз етуге, бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың заң талаптарын сақтауына ықпал етуге бағытталған.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 31-бабына сәйкес, прокурор әкімшілік сот ісін жүргізуге қатысушы болып табылады және заңда көзделген жағдайларда іс бойынша қорытынды береді.

— Бұл ретте прокурор дау тараптарының ешқайсысының талапкердің де, жауапкердің де, мемлекеттік органның да атынан өкілдік етпейді. Ол тек заңға, іс фактілеріне және сот зерттеген дәлелдерге сүйене отырып, тәуелсіз позицияны ұстанады. Прокурордың қорытындысы сот үшін міндетті емес және қорытынды шешімге әсер етпейді, сот оны өз бетінше қабылдайды, — деді прокурор Астана қаласы орталық коммуникация қызметі алаңында.

Жасұлан Түстікбаевтың айтуынша, ӘРПК-нің 31-бабына сәйкес прокурор әкімшілік істердің белгілі бір санаттарына қатысады.
Олардың қатарында:

• салық қатынастары — салықтық тексерулер нәтижелері бойынша хабарламаларға, қосылған құн салығына қатысты шешімдерге шағымдану;

• кеден қатынастары — кеден органдарының шешімдеріне, төлемдер мен өсімпұлдарды төлеу туралы талаптарға шағымдану;

• бюджеттік қатынастар — негізінен мемлекеттік сатып алуға қатысты шешімдерге шағымдану;

• қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастар — экологиялық органдардың нұсқамаларына, экологиялық бақылауға қатысты шешімдерге шағымдану;

• табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы қатынастар — табиғи ресурстарды пайдалану құқығын беру немесе одан бас тарту туралы шешімдерге шағымдану;
• мемлекеттік сот орындаушыларының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдану — қаулыларға, әрекетсіздікке, атқарушылық іс-әрекеттер мерзімдерінің бұзылуына қатысты даулар;

• сайлау құқықтарын қорғау — сайлау комиссияларының шешімдеріне, сайлау мен референдумдарды ұйымдастыру кезіндегі әрекеттерге шағымдану.

Сонымен қатар сот қажет деп тапқан жағдайда прокурордың өзге де әкімшілік істерге қатысуы мүмкін.
Прокурордың айтуынша, әкімшілік істерді қарауға тікелей қатысудан бөлек, прокуратура заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асырады.

— Осы бағыт шеңберінде прокурор сот актілерін зерделейді, соттың материалдық және процестік құқық нормаларын қолдануының дұрыстығын бағалайды және заңда көзделген негіздер болған кезде оларды қайта қарау шараларын қабылдайды. Атап айтқанда, заңды күшіне енбеген сот актісімен келіспеген және тиісті негіздер болған кезде прокурор апелляциялық өтінішхат әкелуге құқылы, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Жамбыл облысында прокурорлар 7,7 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады.