Ақнар Адаққызы: Қандастардың қолдауын әрдайым сеземін

Фото: instagram.com/ahnaeradake

МИЛАН.KAZINFORM – Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай құрамасы сапында өнер көрсетіп жатқан қазақ қызы қазақстандықтарға сәлем жолдады.

Спортшы жарыстарда жүргенде әрқашан қандастардың қолдауын сезінетінін айтты.

- Шетелдерде үлкен байрақты бәсекелерде жүргенімде қандастар мені танып, жылы лебіздерін білдіріп, қолдап жатады. Әлеуметтік желілер арқылы да көптеген ізгі тілектер жолданып, соның бәрін оқып ерекше қуанып қаламын. Баршаңыздың қолдауларыңызды әрдайым сеземін,- деді Ақнар.

Қандасымыз қазақстандық жанкүйерлеріне сәлем жолдап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

- Қанымыз қазақ қой, шынымды айтсам қандастарымды көргенде қатты қуанып, толқып кетемін. Бұл спортта қазақтар көп емес. Сондықтан Қытай атынан өнер көрсетсем де, қазақ ұлтының намысын абыроймен қорғап жүргенімді мақтан тұтамын. Қазақстанда жанкүйерлерім көп екенін естідім. Қолдауларыңыз үшін үлкен рақмет! Алда биік белестерді бағындыру үшін бар күш-жігерімді саламын,- деді спортшы.

Айта кетйік, Ақнар Адаққызы конькимен жүгіруде әйелдер арасында командалық із қуу және масс-старт додасында бақ сынады.

Осыған дейін, қандасымыз 2029 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарына қатысқысы келетінін айтқан болатын.