Ақнұр Тұрсынғали бокстан жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Ақнұр Тұрсынғали Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасының финалында өнер көрсетті.

Фото: ҚР ҰОК

Отандасымыз 57 келіге дейінгі салмақта бразилиялық Сара Кампоспен кездесті.

Алғашқы раундта Ақнұр басым түсті. Дегенмен бразилиялық боксшы екінші және үшінші раундтарда тізгінді өз қолына алып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша Ақнұр Тұрсынғали жасөспірімдер Олимпиадасын күміс жүлдемен аяқтады.

ҚР ҰОК мәліметінше, ұлттық құраманың еншісінде алты медаль бар. Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева (52 келіге дейін) және велошабандоз Әнел Тәшбай алтын алса, таеквондошы Любовь Юн (63 келіден жоғары), триатлоншы Рамазан Әйнегов және боксшы Марал Төлепберген (54 келіге дейін) қола алған еді.

Айта кетейік, Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында бокстан финалдық жекпе-жектерге қатысатын спортшылар анықталды.