Ақордада әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинге «Парасат» ордені тапсырылды

None
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинге «Парасат» орденін тапсырды.

«Маған «Парасат» ордені табысталып отыр және мен еліме пайда келтіруге, сондай-ақ өзімізге жүктелген мақсат-міндеттерді орындауға қауқарлы екенімен қуаныштымын. Атап айтқанда бұл награданы мақтан тұтамын»,-деді былғары қолғап шебері.

1982 жылы 8 сәуірде Қарағандыда өмірге келген Геннадий Головкин бұған дейін 22 кездесу өткізіп, оның бәрінде де (19-ы нокаутпен) жеңіске жеткен болатын. Кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегін 2006 жылы 6 мамырда Германиядағы Нордрхейн-Уестфаленде (Nordrhein-Westfalen) өткізіп, Габор Валогхты (Gabor Balogh) нокаутпен ұтқан еді. 2009 жылы 11 маусымда Германияда Жохн Андерсон Карвалхомен (John Anderson Carvalho) болған сайыста Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының Құрлықаралық чемпионы атағын жеңіп алған Геннадий 2010 жылы 14 тамызда Панамада Милтон Нунезбен ( Milton Nunez) болған кездесуде Әлем чемпионы белдеуін беліне байлады. Одан кейін Геннадий 2010 жылы 16 желтоқсанда Астанада Нилсон Жулио Тапианы (Nilson Julio Tapia), ал 2011 жылы 17 маусымда Панамада Кассим Оуманы (Kassim Ouma) нокаутпен ұтып өз атағын сәтті қорғап шыққан еді. Мұнымен қоса, биылғы желтоқсан айындағы соңғы кездесуінде Геннадий Головкин бірінші раундта 32 жастағы американдық Лахуан Саймонды ұрып құлатып, атағын қорғап қалды.