16:07, 25 Қыркүйек 2013
Ақордада анықтамалық-ақпараттық білім беретін «Қазақстан тарихы» веб-порталы таныстырылды
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысы өтуде.
Жиын барысында Қазақстанның көне дәуірінен бүгініне дейінгі ұлттық тарихына арналған жаңа анықтамалық -қпараттық білім беретін «Қазақстан тарихы» веб-порталы таныстырылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атап өтуінше, соңғы 5 жылда елімізде жарық көрген тарихи шығармалар осы порталға орналастырылған. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша біз республикадағы барлық мемлекеттік тапсырыс алатын баспалардың бәрінде шыққан кітаптарды жинақтап, осы тарихқа арналған порталға беріп отырмыз. Соның негізінде қазірдің өзінде республикадағы кейінгі 5 жылдың ішінде тарихи тақырыпта жазылған шығармалардың барлығы мемлекеттік тапсырыспен осы порталға өткізілді», - деді М. Құл-Мұхаммед Мемлекеттік хатшыға қарата. Айта кетейік, портал қазақ, орыс және ағылшын тілінде ұсынылып отыр. Онда 6739 материал бар. Оның 2608-і орыс, 2520-сы қазақ тілінде болса, 1611-і ағылшын тілінде.