Ақордада елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айдағы қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңнің міндеттері анықталды

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстанның барлық аймақтарының әкімдерімен жұмыс кеңесін өткізді. Онда еліміздің ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңдегі міндеттер анықталды.

Елбасы өз сөзінде, еліміздің экономикасы өсудің жақсы қарқынын көрсетіп отырғанын атап көрсетті Жалпы ішкі өнім 7,5 пайызға артты. Өнеркәсіптік өндіріс 10 пайызға өсті, оның ішінде: өңдеу өнеркәсібінде - 20 пайызға, химия өнеркәсібінде - 77 пайызға, машина жасау саласында - 56 пайызға өсім бар. Жылдың басынан бері 200 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осының барлығы дұрыс таңдалған стратегияның, жүйелі жүргізіліп отырған дағдарысқа қарсы шаралардың және жинақталған өз қаражатымыздың есебінен экономикаға көрсетілген қуатты қаржылай көмектің арқасында мүмкін болып отыр. Дағдарыс, Қазақстанның - қуатты - және қабілетті мемлекет екенін көрсетті.

«Еліміздің барлық өңірлерінде экономика өсімінің жоғары қарқыны байқалуда. Барлық аймақтарда халықтың ақшалай табысы 10 пайыздан 30 пайызға дейін өсті. Бөлшек тауар айналымының көлемі артты. Осының барлығы жергілікті атқарушы биліктің жұмысының нәтижесі», - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

Президент сондай-ақ, ауыл тұрғындарына жүйелі мемлекеттік қолдау көрсету мен аграрлық секторға ілгерінді технологияларды жеделдетіп енгізу ісі өз жемісін беріп отырғанын айтты. Нәтижесінде, биылғы құрғақшылыққа қарамастан, 13,7 миллион тонна астық жиналып отыр. Оның ішінде еліміздің экспорттық әлеуеті 7 миллион тоннаны құрайды. Оған қоса, былтырғыдан 25 пайызға артық күріш жиналды. Құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтар өз проблемаларымен жеке қалып қойған жоқ. Оларға 1,5 миллиард теңге көлемінде демеуқаржы бөлініп отыр. Несиелер, тұқымдық ссудалар және лизингілік төлемдер бойынша олардың мерзімдері ұзартылуда.

Президенттің тапсырмасы бойынша сондай-ақ үлестік салымшылардың проблемалары, басқа да әлеуметтік мәселелер шешімдерін табуда: жылдың басынан бері зейнетақылар, стипендиялар, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақылары көтерілді. Оған қоса, биыл 37 мектеп салынды, 10 ірі медициналық мекеме ашылды. Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде 457 жаңа балабақша мен мектеп жасына дейінгі балаларды дайындайтын шағын орталықтар ашылды. «Осының барлығы халық үшін, қарапайым азаматтар үшін жасалып жатыр және бірліктің, тұрақтылықтың арқасында мүмкін болып отыр», -деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

Президент сондай-ақ, жақын арада Қазақстанда өтетін бірқатар маңызды шараларға, оның ішінде ЕҚЫҰ саммитіне, VII қысқы Азиялық ойындарға тоқталды. Оған қоса, келесі жылы қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді.

Президент әкімдерге осынау атаулы оқиғаларды кеңінен насихаттауға зор маңыз беруді тапсырды.