Ақордада ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің кезекті мәжілісі өтуде
Шағын құрамдағы кездесуді ашқан Қазақстан Президенті Н. Назарбаев: «ЕурАзЭҚ құрылғанының 10 жылдығында осы мәжілісте кездесіп жатқанымыздың символикалық мәні бар. 2000 жылы осында, Астанада Еуразиялық қоғамдастықты құру туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Құрметті Мемлекет басшылары, Сіздерді осында қабылдай отырып, осы айтулы датамен шын жүректен құттықтағым келеді», деді. Осы орайда Елбасы Қазақстан қабылдаушы ел ретінде ЕурАзЭҚ Мемлекет басшыларының бүгінгі кездесуінің жұмысы үшін барлық қолайлы жағдайларды жасайтынын атап көрсетті. «Біздің бүгінгі кездесуіміз өзара түсіністік жағдайында өтеді деп үміттенемін. Бұның біздің қоғамдастықтың келешектегі дамуы үшін жауапты шешімдерді қабылдауда маңызы зор», деді Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, шағын құрамдағы кездесу кезінде ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің күн тәртібін бекіту, жекелеген пункттерді қарастыру көзделіп отыр. «Содан кейін Кедендік одақтың жоғарғы органының қарауына енгізілетін мәселелерді талқылау үшін Кедендік одақ комиссиясының мүшелерін және Жауапты хатшысын шақыру жоспарланып отыр», деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгінгі мәжілісте Қазақстан, Ресей, Беларус, Тәжікстан, Қырғызстан президенттері дағдарысты еңсеру жөніндегі бірлескен шараларды қарайды. Бұдан басқа, Ақордада Кеден одағына кіретін Қазақстан, Ресей және Беларус мемлекеттері басшыларының кездесуі өтеді.