Ақордада Қазақстан-Қатар ынтымақтастығын дамыту жолдары талқылануда

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни кеңейтілген құрамдағы келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізбен қонақжай қазақ жерінде жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Біз шейх Тәмиммен шағым құрамдағы кездесуімізде халықаралық күнтәртібіндегі көкейтесті мәселелер туралы пікір алмастық, ой бөлістік. Жалпы бұл отырыс нәтижелі өтті. Енді өздеріңізбен бірге екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жолдарын жан-жақты талқылайтын боламыз», - деді келіссөзді ашқан Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тамимның бүгінгі сапары осы байланыстарды одан ары өркендетуге тың серпін береді деп сенетіндігін баса айтты.

«Біз Қатарды Таяу Шығыста ғана емес, әлемдік деңгейде маңызды рөл атқаратын мемлекет әрі халықаралық қауымдастықтың белді мүшесі деп санаймыз. Қатар өңірдегі қоғамдық келісім мен бейбітшілікті, өркениеттер мен діндер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қосып отыр. Біз сіздердің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы бастамаларыңызды жоғары бағалаймыз», - деді Мемлекет басшысы.



Фото : t.me/bort_01