Ақордада мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мәселелері жөнінде республикалық семинар өтті

ТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбектің төрағалығымен мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мәселелері жөнінде республикалық семинар өтті.

Семинар шеңберінде мемлекеттік басқару, бақылау қызметі тиімділігін жетілдіру және өңірлер рейтингін өткізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, семинарда Елбасы Жарлығына сәйкес жүргізілетін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесіне айрықша көңіл бөлінді.

Семинардың жұмысына Президент Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Ресей Федерациясы Президентінің Бақылау басқармасының делегациясы, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары және Астана, Алматы қалаларының, облыстар әкімдерінің аппарат басшылары қатысты.

Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі - Бақылау басқармасының бастығы Константин Чуйченко Ресей Федерациясы Президентінің тапсырмалары мен басқа да шешімдерін іске асыру үшін бақылауды қамтамасыз ету мәселесі бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев «Электрондық үкімет туралы», Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі туралы» баяндамалар жасады.

Пікір алмасу қорытындылары бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.