17:02, 06 Сәуір 2009
Ақордада Н. Назарбаев пен М. Ахмадинежад келіссөздер жүргізуде
АСТАНА. Сәуірдің 6-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежадпен келіссөздер жүргізуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Екеуара кездесуден кейін екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіледі. ҚР Президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, келіссөздер барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Иран арасындағы саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективасын талқылайды деп күтілуде. Сондай-ақ президенттер Каспий мәселесіне айырықша назар аудармақ. Сонымен қатар келіссөздер барысында мемлекет басшылары көкейкесті өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасатын болады. Айта кетейік, Махмұд Ахмадинежад Қазақстанға ресми сапармен бүгін келді. Сапар бағдарламасына орай Иран Президенті бүгін бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізеді деп күтілуде. Ал ертең Махмұд Ахмадинежад Отан қорғаушылар алаңындағы мәңгілік алауға гүл дестесін қойып, мемлекет басшыларының аллеясына ағаш отырғызатын болады. Содан кейін Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет студенттері мен профессор-оқытушылар құрамының алдында дәріс оқиды деп күтілуде. Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы қаңтардың 29-ында орнаған еді. Бүгінде Қазақстан мен Иран арасында 60-тан астам мемлекетаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық келісімдер мен құжаттарға қол қойылған. Олар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту үшін қажетті келісімшарттық құқықтық базаны қалыптастырып отыр. Соңғы 6 жылда Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-саттықтың көлемі бес еседен астамға ұлғайып, 2008 жылдың қорытындысы бойынша 2,1 млрд. долларға жуықтаған. Екіжақты ынтымақтастықты жандандыруда Қазақстан мен Иран арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның, сондай-ақ қазақ-иран іскерлік кеңесінің жұмысына шешуші маңыз беріліп отыр.