Ақордадағы үшжақты кездесу барысында дағдарысты еңсеру мәселесі талқыланады - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақордадағы үшжақты кездесу барысында дағдарысты еңсеру мәселесі талқыланады. Бұл туралы бүгін Ақордада Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесу барысында

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. «Өткен жыл түрлі оқиғаларға толы болды. Біз өз айналамызда Еуразиялық экономикалық одақ мәселесін талқылап, оны аяғына дейін жеткіздік. 1 қаңтардан бастап ол өз жұмысын бастады. Өкінішке қарай, одақ алдынан үлкен сынақтар шықты, яғни экспорттық бағалар, әсіресе, Ресей мен Қазақстанда төмендеді. Мұнай мен басқа да экспорттық бұйымдар құны азайды. Бұл төмендеулер бар және біз осындай тәуекелдер болатынын білдік. Бағалар бойынша үйлеспеушілік толқуы болды. Осы орайда Сізге алғысымды айтамын, өйткені біздің келісімімізден кейін барлығы тұрақталды», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Президент өз сөзінде украиналық мәселелер де талқыланғанын атап өтті.

Елбасының сөзіне қарағанда, бүгін Қазақстан, Беларусь және Ресей басшыларының кездесуі барысында ағымдағы мәселелер, оның ішінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге дайындық шаралары, әлемдегі және өңірдегі ахуал, сондай-ақ ЕАЭО-ның дағдарысты еңсеру мәселелері қаралады.