Ақордаға саяхат жасаған оқушылар алған әсерімен бөлісті

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық балаларды қорғау күнінде елдің әр өңірінен Астанаға шақырылған 81 оқушы Президент резиденциясы – Ақордаға саяхат жасады. Мерекеге орай осындай мүмкіндікке ие болған балалар Kazinform тілшісіне саяхаттан алған әсерін айтты.  

Фото: Ақорда

Саяхатқа келгендер арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу озаттары, шығармашылық пен спортта талантымен танылған балалар, белсенділер мен еріктілер болды. Биыл Ақордадағы саяхатқа тасқыннан зардап шеккен өңірлердің балалары да шақырылыпты. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Балалар әуелі Ақорда ғимаратының бірінші қабатындағы Орталық холлына өтті. Мұнда оларға құрмет қарауылының қатысуымен ресми қабылдаулар өткізілетіні айтылды. Одан кейін жеткіншектер келіссөздер мен кездесулер өткізуге арналған Шығыс, Мәрмәр және Салтанат залдарын, Мемлекет басшысының кітапханасын аралады. Оқушылар Ақорда бағында серуендеуге де мүмкіндік алды. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Саяхат кезінде оқушылар Президент резиденциясымен байланысты қызықты деректер естіп, Мемлекет басшысының атынан естелік сыйлықтар алды. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Ақордадағы сапардан ерекше әсер алған балалардың ішінде Ақтөбе қаласындағы Smart Bilim мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Шәмші Бақытжан да бар. Ол сабақтан тыс уақытында Art Lab мектебінде актерлік шеберлік, бейнелеу сияқты өнер түрлерімен әуестенетінін айтады. Былтырғы желтоқсанда өзі оқитын мектепке Президент келгенін ерекше есте сақтапты. 

Фото: Ақорда

«Президент біздің мектепке келгенде онымен тікелей кездесемін деп ойламағанмын. Алғаш естігенде әзіл деп қабылдадым. Бірақ шын болып шыққанда қатты таңғалдым. Президентпен кез келген адамның кездесуге мүмкіндігі бола бермейді ғой. Сол кезде басыма Ақорданың суретін салу туралы ой келді де, туындыны Президентке сыйладық. Ақордаға барып, Президент жұмыс істейтін орынды көргіміз келді», - дейді Шәмші.

Оған Ақордадағы сапарда Президенттің кабинетін аралаған сәті қатты ұнаған көрінеді. 

Фото: Ақорда

«Бүгін бәрі тамаша болды. Біз Президенттің кабинетіне кірдік, басқа да орындарды, баспасөз мәслихатын өткізетін орынды араладық. Президент отырған орынға отырып көрдім. Маған бәрінен киіз үйлері бар Шығыс зал ұнады. Зал түгел қазақ оюларымен әдіптеліпті. Мен күткеннен әлдеқайда жақсы болып шықты. Бізге Ақорданың шағын бөлігін ғана көрсететін шығар деп ойлағанмын. Ал шын мәнінде менің күткенімнен әлдеқайда әсерлі болды. Бүгін менің үлкен арманым орындалды», - дейді оқушы. 

Фото: Ақорда

Ал, алматылық айтыскер оқушы Інжу Батырхан бүгін бала армандарының бір орындалғанын айтады. 

«Бүгін менің арманым орындалған күн десем болады. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды балалармен бірге Ақордаға саяхат жасадық. Маған бәрі ұнады, керемет. Соның ішінде Шығыс зал ерекше көңілімнен шықты. Төбедегі шаңырақ, ішінің жарықтығы, отыратын орындарының жайлылығы есте қалды», - деді ақын қыз Інжу Батырхан.

Ол сөзінің соңын мына өлең жолдарымен: 

«Биік боп өре талғамым,

Мен өнер жолын таңдадым.

Домбырамды серік қып,

Жамбыл ізінен қалмадым.

Жетігенді де үйреніп,

Аралап елді шарладым», - деп түйіндеді. 

Фото: Ақорда

Аралдан келген Амелия Пак бұл саяхаттан туған қаласына болашақта Ақордада жұмыс істесем деген арман арқалап бара жатқанын айтады.

«Бүгінгі саяхаттан алған әсерім өте күшті. Ақордаға келгенімен қуаныштымын. Бұл саяхат маған үлкен жігер береді. Қазірден бастап жақсы оқып, жақсы университетке оқуға түсіп, Президентпен бірге жұмыс істесем деген мақсат пайда болды. Жалпы өзімнің менеджер болғым келеді», - дейді ол. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Бұл саяхат балаларға Ақордадағы атмосферамен, Президент жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік сыйлады. 

Фото: Ақорда