Еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1–2° жоғары, ал оңтүстік-шығысында нормаға жуық болады.
Жауын-шашын республиканың көп бөлігінде климаттық норма шамасында, ал солтүстік-батыс бөлігінде, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтардың таулы және тау бөктері өңірлерінде нормадан көп болуы мүмкін.
Бірінші онкүндікте температуралық фон:
Республиканың батысында, солтүстік-батысында (Ақтөбе облысы) түнде ауа температурасы 23–28° аязға дейін төмендейді, күндіз 15–23° аяз болады. Онкүндіктің соңында аяз бәсеңдеп, түнде 10–20° аяз, күндіз 0…-8° аяз болады.
Елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнгі температура қысқа уақытқа 15–25° аяздан 2–10° аязға дейін жоғарылайды, күндіз 5–13° аяздан 4…-1° аралығына дейін жылынады. Онкүндіктің соңында температура қайта төмендеп, түнде 18–28° аязға, күндіз 13–20° аязға дейін жетеді.
Оңтүстік-батыста, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнгі температура 5° аяздан 5° жылыға дейін, кейін 3–11° аязға дейін ауытқиды (Қызылорда облысының солтүстігінде 18° аязға дейін).
Күндіз температура 3… 10°-тан 8… 17°-қа дейін көтеріледі, кейін 0… 8°-қа дейін төмендейді.
Жалпы ақпан айында батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста ең қатты аяз бірінші және екінші онкүндіктерде болады: түнде 21–30° аязға дейін, шығыстың таулы аймақтарында 35° аязға дейін, күндіз 13–20° аяз болады.
Бірінші онкүндіктің ортасында (батыста – басында), сондай-ақ екінші және үшінші онкүндіктердің жекелеген күндерінде күндіз жылымық болуы мүмкін.
Республиканың оңтүстік жартысында ақпан бойы түнгі температура 5° аяздан 5° жылыға дейін, кейде 3–15° аязға дейін ауытқиды, күндіз 0… 10°-тан 8… 17°-қа дейін болады.
Республиканың солтүстік бөлігінде жауын-шашын негізінен қар түрінде, ал оңтүстік-батыста және оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен дымқыл қар түрінде түседі. Тұман, көктайғақ, желдің күшеюі, солтүстікте боран күтіледі.
Айта кетелік 2 ақпанда республикалық маңызы бар жолдардағы ахуал қандай екенін жазған едік.