Ақпан айында елімізде электр энергиясын өндіру құнының көтерілуі күтілмейді - KAZENERGY

АСТАНА. ҚазАқпарат - «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетикалық кешенді ұйымдар қауымдастығы Қазақстанда электр энергиясының құнының өсуі туралы мәселенің кеңінен талқылануына байланысты жарық тарифтерінің қалай қалыптасатынын түсіндірді.

Электр энергиясын «KEGOC» АҚ ұлттық деңгейдегі электр желілері және АЭЖК-ның аймақтық және жергілікті деңгейлердегі электр желілері бойынша беріліп, бөлістірілуін мемлекеттік орган - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеті бекітеді.

«Жиынтық тариф оның өндірілу құнына, аймақтық және аймақаралық деңгейдегі желілері бойынша берілуіне және бөлістірілуіне, сондай-ақ жабдықтау үстемесіне байланысты қалыптасады. Осылайша, тұтынушылар электр энергиясын өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін жеткізудің бүкіл процесін ұйымдастыратын энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорынға электр энергиясы үшін тиісті төлем төлейді», - делінген хабарламада. Электр энергиясының өндірістік құнын мемлекет реттейді. Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 25 наурызындағы № 392 Қаулысына сәйкес, 2009-2015 жылдар аралығында жыл сайын электр энергиясының шекті тарифтері «инвестицияға алмастырылатын тариф» қағидаты бойынша бекітілді. Осылайша, электр энергиясының құнына электрмен жабдықтау жүйелерін (жаңа активтерді құру, қолданыстағы электр стансаларын кеңейту, жаңарту, қолдау, қалпына келтіру және техникалық қайта жабдықтау) одан әрі жаңғырту сомасы да кірістіріледі. Өткен жылы ҚР Энергетика министрлігі энергия өндіретін ұйымдармен (ЭӨҰ) инвестициялық келісімдерді қарастырып, қол қойды. Бұл келісімдер ЭӨҰ үшін 2015 жылы ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 25 наурызындағы №392 Қаулысымен бекітілген шекті тарифтерден аспайтын деңгейде тарифтерді бекітуді көздейді.

Осылайша, электр энергиясын өндіру құнының ағымдағы деңгейі 2009 жылы бекітілген, Қазақстанда 2015 жылдың ақпан айынан бастап электр энергиясы құнын қосымша өсіру қарастырылмайды.