Ақпан айында инфляция 0,9 пайызды құрады - Григорий Марченко

АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақпан айында елде инфляция 0,9 пайызды құрады. Бұл жайлы Ұлттық банк төрағасының бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ақпан айында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Инфляция жылдық көрсетуде 7,4 пайыз болды. Ал орташа алғанда жыл үшін 7,1 пайызды құрады. Өздеріңізге мәлім, біздің инфляцияда 2010 жылға жасаған болжамымыз 6-8 пайыз аралығында", дейді ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко. ҚР Статистикалық агенттігінің деректеріне қарағанда, ақпан айында баға азық-түлік тауарларында - 1,3 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарларда - 0,4 пайыз, ал ақылы қызмет көрсетуде 0,7 пайызға өсті. Инфляцияның көлемі қаңтар-ақпан айларында былтыр 1,4 пайыз болса, биыл 2,3 пайызды құрап отыр. Г. Марченконың айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында инфляция қарқындарының жылдамдатылуы осы кезеңде бағасы 2,4 және 3,5 пайызға өскен азық-түлік тауарлары мен ақылы қызмет көрсетудің қымбаттауына байланысты болды.