Ақпан айында Ұлттық банктің алтын валюталық резерві 27,7 млрд долларды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың ақпанында Ұлттық банктің алтын валюталық резерві 2,8 пайызға арта отырып, 27,7 млрд долларды құрады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндаған ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.

«Ақпан айындағы валюталық нарыққа қатысты тоқтала кетсек, Ұлттық банк ақпан айы бойы валюталық саудаларға ешқандай да араспады деуге болады. Алайда, ақпан айының соңына таман салықтық төлемдер кезеңінде Ұлттық банк шетелдік валютаның ұсынысының артуына байланысты валютаны сатып алуға мәжбүр болды. Нәтижесінде ақпан айында валюта сатып алу түріндегі Ұлттық банк интервенциясы 474 млн долларды құрады. Бұл жалпы сауда көлемінің 20 пайызы», деді Д. Ақышев. Оның айтуына қарағанда, Ұлттық банк валюта сатып ала отырып, алтын валюталық резервтерді арттырды.
«Ақпан айындағы Ұлттық банктің алтын валюталық резерві 2,8 пайызға арта отырып, 27,7 млрд долларды құрады», деді Ұлттық банк төрағасы.