Ақпанда тұрғын үй сатып алу-сату көрсеткіші біршама азайған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ақпан айында тұрғын үй сатып алу-сату көрсеткіштері біршама азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

«2023 жылғы ақпан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 24 118 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлерге қатысты 6 174, көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 17 944 мәміле бар. Бұл қаңтарымен салыстырғанда (24 294) 0,7%-ға аз. Мәмілелер саны Алматы (4 231– 17,5%) мен Астана (4 208– 17,4%) қалаларында көп, ең азы Ұлытау облысында (265)», - деп жазды ведомстводан.

Ондағы деректерге қарағанда, 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 2,6%-ға (471 мәмілеге) кеміген. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі 6 935 пәтер ресімделді. Алып-сатудың негізгі үлесі Алматы және Астана қалаларына (55%) тиесілі.

2023 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны, керісінше, 5%-ға (295 мәмілеге) өсіп, 6 174-ті құрады. Сандық мәнде ең үлкен өсім Түркістан облысында (+88 мәміле), ең үлкен төмендеу Қарағанды облысында (-42 мәміле) байқалды.

2023 жылдың ақпанында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда шамамен 2 есе (48,2%-ға) азайған, ол кезде 46 577 мәміле ресімделген болатын.