Ақпанның басында Қазақстанда күн 30 градусқа дейін суытады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазгидрометтің болжамынша, 3-6 ақпан күндері Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы 10-20 градусқа дейін суытады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Айдың басында және келесі аптада Қазақстанда ауа райы бұзылып, жауын-шашын, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарда  қатты жел соғады. Ал, солтүстік өңірлерде тұман түсіп, жер көктайғақ  болады деп болжап отырмыз. 3-6 ақпан күндері және айдың ортасында Қазақстан аумағы бойынша суық антициклон ауысып, Қазақстанның солтүстігінде  түнде ауа температурасы 22-32 градусқа дейін, күндіз 15-22 градусқа дейін суытады»,-деп хабарлады Қазгидромет мамандары.

Осы аралықта оңтүстік өңірлерде де күн суытып,  түнде 10-20 градусқа дейін, күндіз 5-15 градусқа дейін аяз болады.

Бұндай суық күн райы ақпанның соңғы онкүндігінде де білінеді деп болжанып отыр. Ал, жалпы, ақпан айының қалған күндері бұлтты, қарлы болады деп күтілуде.