«Жолдауда кездейсоқ тақырып болмайды. Бұл бір айдың ішінде жасалатын құжат емес. Ол ауқымды, оның ішінде сараптамалық жұмыстардың да нәтижесі. Мемлекет басшысының өзі де Жолдау қарсаңында қоғамның көңіл-күйіне зерттеулер жүргізілгендігін еске салып өтті. Соңғы уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өзекті мәселелері әсіресе, тариф түзу тұрғысында біршама арта түскенін мойындау керек. Азаматтар тарифтің қалай қалыптасатындығын және ақшаларын не үшін төлейтіндігін білгісі келеді. Осы жылдың тамызында Алматыда тарифтің шамамен 5 млрд теңгеге заңсыз көтерілгендігін еске алсақ та жеткілікті», - деді Дәурен Абаев Президент Жолдауына қатысты пікірін білдіре келе.
Оның атап өтуінше, монополистер жүйелі түрде тұтынушылардың құқықтарын бұзып отырған. Дегенмен, әкімдіктің, прокуратураның, қалалық мәслихаттың және қоғамның дер уақытындағы іс-қимылының арқасында осынау заңсыз әрекеттерге тыйым салынған.
«Азаматтарға шығындары өтеліп берілді. Яғни, мұндай жағдайда монополияға қарсы қызметпен қатар, жергілікті жердегі билік пен азаматтық қоғамның да жұмысы соншалықты маңызды», - деді министр.
Министр Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасы барысында Елбасының балабақшалар, мектептер мен ЖОО-лардағы мәселелерді шешуге қатысты жүктеген тапсырмаларына ойын білдірді. Сондай-ақ Жолдауда Ішкі істер министрлігі алдында тұрған реформалардың басты сұлбасы айқындалғанын атап өтті.
Айта кетейік, биылғы 5 қазанда халыққа кезекті Жолдауын жариялаған Нұрсұлтан Назарбаев көрсетілетін қызметтерге тарифтерді ретке келтіру мәселесіне тоқталып, тұрғындардан жиналған қаражаттың қайда жұмсалатындығы ашық еместігін баса айтқан болатын.