Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жаңа міндеттер жүктелмек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бірқатар жаңа құзырет берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АшықНҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының-жобасында жазылғандай, енді аталған ведомствоға мына функциялар берілемек:

- орталық және жергілікті атқарушы органдардың онлайн-платформалар және онлайн-жарнама саласындағы қызметін үйлестіру;

- онлайн платформаларда пайдаланушылар санын анықтау

- онлайн-платформалардың меншік иелерінен немесе заңды өкілдерінен ҚР сот актілері, құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының сұрау салулары негізінде пайдаланушылар туралы мәліметтерді сұрату;

- Үкімет ұсынатын немесе іске асыратын жобалар мен бастамаларға орай халықпен кері байланысын орнату және бағалау әдістемесін әзірлеу, бекіту;

- жыл сайын, 30 наурыздан кешіктірмей, Президентке азаматтардың өтініштерін қарау және онымен жұмыс істеу саласындағы Ұлттық баяндаманы дайындау және ұсыну;

- Қазақстандағы онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу;

- онлайн-платформаларға мониторинг жүргізу;

- «Шаңырақ» этножурналистика саласындағы сыйлықты беру конкурсын өткізу қағидалары мен номинацияларын әзірлеу және бекіту;

- «Nauryz» ұлттық телехикаялар сыйлығын беру және номинацияларын әзірлеу және бекіту;

- «Zhas Project» жобасын грантын беру қағидаларын әзірлеу және бекіту.

Құжат 28 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Президент Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заңға қол қойды.