Ақпарат және коммуникациялар мәселелеріне қатысты нормалар Қазақстанға қажет - саясаттанушы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат және коммуникациялар мәселелеріне қатысты жаңа заң жобасында ескерілген нормалар Қазақстанға қажет. Бұндай пікірді белгілі саясаттанушы Марат Бәшімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, қазіргі кезде «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасына қатысты Тұжырымдама талқылаудан өтіп жатыр. Бұл заң бізге керек деп санаймын, себебі онда көп мәселелер құқықтық жағынан реттеледі. Атап айтқанда, осыған дейінгі заңнамаларда бүгінде қажетті қадамдар қамтылмаған еді. Енді бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызмет етіп жүргендер үшін қажетті қадамдар жақсы ескеріліп отыр деп бағалаймын»,-деп атап өтті М. Бәшімов аталған заңнамаға байланысты «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында.

Осы ретте ол салада дауды сотқа дейін шешуге басымдық беріліп отырғандығы құптарлық жағдай екенін сөз етті. Оның пайымынша, көзделіп отырған жаңашылдықтар бұқаралық ақпарат құралдары үшін тиісті жеңілдіктерді ескереді.

«Жалпы, министрлік тарапынан ұсынылған бастамалар тыңғылықты зерттеулерге сүйене отырып жасалған. Сондықтан дауды сотқа дейін шешу ұстанымы көптеген жұмысты жеңілдетеді, яғни журналистерді әуре-сарсаңнан босатады»,-дейді сарапшы.

М. Бәшімов түрлі Интернет ресурстардағы ақпарат таратушылардың қызметін заңнамалық реттеу аясында тұжырымдамадағы ұсыныстар, сондай-ақ талқылау нәтижесіндегі пікірлер жан-жақты ескерілуі қажет екенін атап өтті.

«Атап айтқанда, алдағы уақытта заңнамалық тұрғыда көп мәселелер реттеліп, халықаралық стандарттарға жақындайды, сонымен қатар Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауда қажетті мәселелер қамтылады. Осы орайда маңызды ұсыныстармен «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталынан әрбір азамат таныса алады. Сонда бірқатар маңызды бағыттарда қажетті қадамдар ескеріліп отырғанын көруге болады. Жалпы, осы заң жобасы Тұжырымдамасын қарап шықтым, осы ретте жұмыстарды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндіктер ашылады. Сондықтан осы саланың қызметін білетін адам ретінде өз басым маңызды жаңашылдықтарды байқадым»,-деп түйді сөзін саясаттанушы.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы қыркүйек айының соңына қарай ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында Ақпарат және коммуникациялар мәселелеріне қатысты нормалар азаматтық талқылау арқылы ғана қабылдануы тиіс екенін жазған еді.

«Қымбатты достар! Әсіресе журналистердің, байланыс және ақпарат қызметкерлерінің, азаматтық сектор өкілдерінің назарына! Біздің министрлік «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына қатысты Тұжырымдаманы орналастырды. Бұл құжат бізге қарасты салада елеулі өзгерістер жасауға бағытталған және кәсіби топтардың кең ауқымы мен жалпы жұртшылықтың мүдделерін қамтиды. Мен мұндай нормалар азаматтық талқылау арқылы ғана қабылдануы тиістігіне нық сенімдімін. Тұжырымдама жарияланған бөлімде өз ескертулеріңізді, ұсыныстарыңыз бен талап-тілектеріңізді қалдыруға болатын арнайы функция бар. Оның барлығын министрлік жанындағы заң шығармашылық жөніндегі жұмыс тобы қарастыратын болады», - деді министр.