Ақпаратқа қолжетімділік туралы Заңға түзетулер ҮЕҰ қатысуымен талқыланады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтік емес ұйымдар тарапынан ақпаратқа қолжетімділік мәселелері жөніндегі заңнамаға ұсыныстар 15 қараша күні елордада талқыланбақ.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысында еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Ақпаратқа қолжетімділік туралы Заңның қабылданғанына шамамен 1 жыл өтті. Бүгін сағатты салыстыра тексеріп, бірлескен жұмыстарымыздың аралық нәтижесін белгілеу маңызды. Заңды жүзеге асыру үшін нормативтік база құру жұмыстары аяқталды», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, мамыр айында өткен ұлттық комиссия жұмыс тобының отырысында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан ақпаратқа қолжетімділік мәселелері жөніндегі комиссияның құрамына кіру туралы ұсыныс болған.

«Біз қыркүйек айының соңында комиссияның жаңа құрамын бекіттік, оның құрамына аталған ұйымдардың өкілдері кірді. Біз комиссия құрудағы бұл жұмыстардың созылып кеткендігін түсінеміз. Бірақ, бұл қайта ұйымдастыру процедураларына, Ақпарат және коммуникация министрлігін құруға байланысты бірқатар процедуралық мәселелерді шешумен байланысты. Қазіргі уақытта барлығы шешілді және комиссияның бірінші отырысы 15 қарашаға жоспарланып отыр», - деді Абаев.

 

Министрдің сөзіне қарағанда, аталған отырыс барысында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан ақпаратқа қолжетімділік  мәселелері жөніндегі заңнамаға ұсыныстар талқыланбақ.

«Бір жыл өтті, өңдеу қажетті мәселелер де туындауда. Біз оларды тыңдап, жүзеге асыруға қабылдауға дайынбыз», - деді ол.