Ақпараттандыру саласына артылар жүк аз емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде жүріп жатқан ақпараттық қақтығыстар мен өз еліміздегі ақпараттандыру саласының төңірегіндегі мәселелер бұл саланы әлі де жетілдіре түсу қажеттігін көрсетіп берді. Осыған орай, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ҚР Ақпарат және байланыс министрлігінің құрылуы ақпараттандыру саласының түйткілді мәселелерін жүйелі түрде шешуге бағытталып отыр.

Бұл жөнінде Елбасы: «Министрлік дәл осы мақсатпен құрылды. Барлық әлемдік, соның ішінде ресейлік БАҚ өз елінің азаматтарының патриоттық сезімін арттыруға, дер кезінде ақпарат ұсыну және барлық мәселеге уақтылы үн қату арқылы сырттан келетін ақпараттық шабуылдарға қалқан бола отырып, ішкі саяси тыныштықты сақтауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда халықаралық тәжірибені енгізіп, осындай жұмыстар атқару керек. Бұқаралық ақпарат құралдары - орасан күш, бұл әсіресе көптеген қатері бар интернет кеңістікке қатысты», - деген болатын.  

Осы ретте, ҚР Ақпарат және байланыс министрлігіне жүктелетін міндеттер өте ауқымды. Бұл міндеттер бәсекеге қабілетті ақпараттық кеңістікті дамытуға және түрлі саладағы мемлекеттік саясатты ақпараттық қолдаудың тиімділігін жақсартуға, телекоммуникация саласындағы қызмет сапасы стандарттарын жетекші елдер деңгейіне жеткізуге, ашық әрі есеп  беруші мемлекет қалыптастыру аясында электрондық үкіметті одан әрі ілгерілетуге бағытталатын болады.

Сонымен бірге, мемлекет тарапынан елдің дамуын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан жүйелі шаралар да халыққа тиісті түрде жеткізілуі тиіс.  Яғни, ақпарат саласын  еліміздің мүддесі үшін жұмылдыру көзделеді.  «Барлық БАҚ меншік формасына қарамастан, өз халқының мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін қаражаттың қатаң есебін жүргізу қажет. Бұл мәселені заң деңгейінде реттеу қажет болса, солай істеу керек», - деді Мемлекет басшысы бұл турасында.

Ал, соңғы кездері жиілеген оқыс оқиғалар кезінде халықтың шынайы ақпаратты дер кезінде алып, ал ресми ақпараттың  журналистерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін министрлік тарапынан тиісті шаралар қабылдануда.  Қазіргі таңда Ақпарат және байланыс қызметі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп ақпаратты растау уақытын қысқарту мәселесін пысықтауға кірісті. «Мемлекеттік органдардың жедел ақпараттық әрекет етуі жөніндегі стратегияны жетілдіру үшін біз қазір Ішкі істер министрлігімен бірге іс-әрекеттер алгоритмін әзірледік. Оған сәйкес, халыққа ақпарат қосымша келісулерді күтпестен, барынша жедел таратылады», - деді Д.Абаев.  

Түйіндей айтқанда, қазіргі қалыптасқан жағдайда ақпарат саласына  мемлекеттік ақпараттық саясатты одан әрі ілгерілету, халыққа жылдам әрі шынайы ақпарат таратудың тиімді тетіктерін енгізу және телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру іспетті  міндеттер тұр.