Ақпараттанған адамдар ғана ақпараттанған шешімдер қабылдайды - Д. Миятович

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ақпараттанған адамдар ғана ақпараттанған шешімдер қабылдайды. Бүгін Елордада ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «БАҚ бостандығы» сессиясында сөз сөйлеген ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович осылай мәлім етті.

«Интернетті қылмыстық мақсаттарға пайдалану, ғаламторға зиянды контент орналастыру мәселесіне заңды түрде алаңдаушылықтың маңызды болатыны айқын. Сондықтан да балалар порнографиясы секілді қылмыстармен заң шеңберінде қатаң күресу қажеттігін талай мәрте көтердік. Алайда, бұндай қадамды жалпы интернетке қатысты қолдануға болмайды», деді Д. Миятович. Оның айтуынша, интернет - бұл банктік шоттарды қолдану, хабар алмасу секілді түрлі мақсаттарға қолданылатын байланыс құралы әрі бұл инфрақұрылымда медиа-материалдар да орналасады. «Дәл осы мәселені ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттер өздерінің саясатын қалыптастыру барысында ескерулері қажет. Бұл ретте интернетке қолжетімділік адамның негізгі құқықтарының бірі ретінде қарастырылады. Жалпы алғанда ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерінің барлығы демократияны нығайта түсетін өздерінің міндеттемелерін нақтылай түсулері шарт. Ақпараттанған адамдар ғана ақпараттанған шешімдер қабылдайды. Бұл демократияның маңызды қадамы», деді ЕҚЫҰ өкілі.