Ақпараттық жүйелер құрумен тым әуестеніп кеттік — Қуанышбек Есекеев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанды цифрландырудағы негізгі мәселелердің бірі — шашыраңқы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің шамадан тыс көптігі. Бұл пікірді Қазақстан Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында айтты.

Фото: Дияр Бексұлтанов

2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Спикердің айтуынша, бұл шешім елді түбегейлі технологиялық жаңғырту стратегиясының заңды жалғасы болды.

Алайда, өткен жылдары Қазақстан көптеген жеке ақпараттық жүйені құрумен айналысып кеткенін мойындауға тура келеді. Бүгінгі міндет — оларды бірыңғай технологиялық платформаға біріктіріп, дамуды қамтамасыз ету және шығындарды азайту.

— Біз ақпараттық жүйелерге тым қатты әуестеніп кеттік. Әрбір процестің өзіне жеке ақпараттық жүйе жасауға тырыстық, — деді Президент көмекшісі.

Оның айтуынша, қазір елімізде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор шешімдерін қоса алғанда, шамамен 700 түрлі жүйе бар.

Бұл саладағы екінші міндет — мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыру. Оған қажетті негіз қазірдің өзінде қалыптасқан: Қазақстан электронды қызмет көрсету бойынша әлемде алдыңғы қатарда. Алайда шынайы трансформация жасанды интеллектіні енгізумен басталады, өйткені ол сыртқы сервистерді ғана емес, ішкі процестерді де өзгертеді.

Қуанышбек Есекеев биліктің жүйелерді бірыңғай технологиялық стандартқа көшіруді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Айта кетейік, тамыз айынан бастап 500 мектепте жасанды интеллектіні пилоттық түрде енгізу басталады.