Ақпараттық қауіпсіздікті қадағалау маңызды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Билл Гейтстің «Әрбір үйге - компьютер» ұраны көз ілеспес жылдамдықпен жүзеге асып қана қойған жоқ, сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін арттырды. Бала тәрбиесіне қатысты алаңы аз жұрттың жауапкершілігі еселенді. Дамушы елдер демократиялық ұстанымға негізделген саясат аясында ашық ақпаратқа кепілдік бергенімен, өмірлік көзқарасы оған сәйкесе қоймаған әлеумет ақпарат кеңістігін әділеттіліктің, ақиқаттың алаңына айналдыра алған жоқ.

Интернет жүйесі, әлеуметтік желілер, сөз жоқ, белгілі бір дәрежеде қоғамның ілгерлеуіне, ақпараттың жедел жария болуына үлес қосты. Алайда әдептен аттамау, адамның жеке басын, оның қадір-қасиетін сыйлау, ұлтына құрметпен қарау, эмоциясына ерік бермеу секілді көптеген жағдайлар естен шықты, журналистің этикалық нормаларын елеусіз қалдырды.

«Идеология ақпарат шектен тыс көбейгенде жоғалады» дейтін француздық даналық біздің қоғамның бүгінгі айқындауышы іспетті. Интернет беттеріндегі жеделдік әлеуметтік, әлемдік мәселелерді артта қалдырып, таза кәсіби журналистиканы ұрыс-керіс, өсек-аяң алаңына айналдырды. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан ақпараттық қауіпсіздікті қадағалау мәселелерінің өзектілігін алға шығарды. Ақпараттық қауіпсіздікті біз әдетте, заңмен қорғалатын құпиялар, яғни, мемлекеттік, мұрағаттық құпиялар деп ұғынамыз. Қазақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiк тұжырымдамасында ақпараттық қауіпсіздік объектілеріне «бұқаралық ақпарат және насихат құралдарына негiзделетiн қоғамдық сананы қалыптастыру жүйесі жатады» делінген. Дүниетаным, саяси көзқарастар, моральдық құндылықтар, яғни, қоғамдық сананы қалыптастыру жүйелері ретінде санамаланған ақпарат құралдары ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігі. Демек, ақпараттық қауіпсіздікті - мемлекеттік ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүдделері қорғалуының жай-күйі десек, оның өзектілігі бүгін шынымен де қатаң қадағалауды қажет ететін халге жетті.

Бізде әрбір азаматтың құқықтары мен адами қадір-қасиетін құрметтеуге мәжбүрлейтін ел заңдары бар. Басы дауға қалған тұлға үшін ақ-қараны ажыратып беретін сот, прокуратура секілді құзырлы орындар жұмыс істейді. Тергеп, тексеру барысында әділетін айту солардың үлесіндегі шаруа. Қарапайым журналист немесе интернет желілері, басылымдар мен телеарналар адамның жеке өміріне араласып, түскен шаланы үрлеуге міндетті емес. Ол кәсіби маманның арына сын. Бұл мәселедегі журналист міндеті ақпаратты жедел, шынайы жеткізу ғана.

Білім-білігі толысқан, рухани кемел адам біреудің шалыс қадамына ешқашан масайрамаса керек-ті. «Біреу білмегенді, біреу білер. Біреу жылайтынға, біреу күлер» немесе «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» дейді дана Абай. Өмір сүру барысында әркімнің өз ұстанымы, өз дұрысы болады. Ол үшін бұл қағидаттың құны зор, ол үшін таным-түсінігі, өмірлік сабақ алатын әрбір кемшілігі мен жетістігі аяулы.

Ақпараттар заманындағы ашықтық адами құндылықтарға қатысты жеке адамның басындағы жағдайларды жалпыға жария ету, жығылғанды жүндеу секілді қатыгездеу, мәдениеті толысқан қоғамға жат, біреудің жеңілісінен оқырманын еселеу секілді бақай есептік жүрістерді көбейтті. Бұл ақпарат айдынында объективтілігімен көшбасшы болуға ұмтылатын, жеделдігімен, өткірлігімен, өтімділігімен алдыңғы саптан көрінгісі келетін журналистика жүгі емес.

Сауатты, көзі ашық, рухани кемел қоғам қалыптастыру жолындағы мұндай келеңсіздіктерден сабақ алған билік ақпараттық қауіпсіздікке қатысты ел заңдарын қатаңдату шараларын қолға алды. «Байланыс туралы» заңға енгізілген әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарын сот шешімінсіз жабу, әлеуметтік желілердегі бейәдеп сөздер үшін айыппұл салу, жауапкершілікке тарту жазалары да осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатынан туындады.