Ақсақ Темір құлпытасы

Фото: None
Қарағанды облысындағы Ұлытаудың көне ескерткіштердің бірі осы жерден табылған үлкен құлпытас. 1391 жылы Әмір Темір (Ақсақ Темір) Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа 200 мың әскерімен шығып, Ұлытауға келіп ат басын тіреген.
Ақсақ Темір биік шоқы басына шығып, кең жазира далаға қарап тұрып: «Мынау бір құтты жер екен, бұл жерге қандай белгі қалдырсам екен», - дейді. Әрі-бері ойланып тұрып, керуенмен алып келе жатқан Метеорит тасын алдырып, 200 мың әскерге бір-бір тастан тастатып биік тау тұрғызады. Басына тас қорытатын пеш салдырып, жанындағы өзеннен тал қидырып, көмір жасайды. Метеорит тасын балқытып, мынадай мағынада жазу жазып қалдырады: «Мен Тұранның бегі Темір-бек хижраның 769 қой жылы Ара айының 21-і күні Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шығып, ұрпаққа белгі қалдырдым. Алла ісімізге жар болсын!». Плита бұрын үлкен шұңқыр үстінде орналасқан. Осы жерде қыш күйдіретін пеш болған. Шұңқырдың диаметрі ? 22 метр, биіктігі ? 3 метр. Ұлы қолбасшының сарай тарихшысы Шарафадин Әли Йезди өзінің «Темірдің жеңістері туралы жылнама» атты еңбегінде «Темір Ұлытауға келгенде алдымен сол тауға көтеріліп, ұшы-қиыры жоқ көк-жасыл жалпақ даланы рахаттана көзімен сүзіп, ұзақ тұрды. Содан соң әскеріне тас жинатып, бір тәуліктің ішінде ғаламат зор шоқы үйдірді. Бармағынан бал тамған шеберлер осындай салтанатты оқиғаның өткен күнін тас бетіне қашап жазып, ғасырлар бойы өшпейтін белгі қалдырды», - деп жазады. Бұл тасты 1935 жылы Ұлытаудағы Алтыншоқы биігінен халқымыздың аяулы перзенті, белгілі ғалым Қаныш Сәтбаев тауып, Санкт-Петербордағы Эрмитажға жіберген. Қазір сол жерде сақтаулы тұр. 1940 жылы бұл жазуды профессор Н.Поппе мен академик Әлкей Марғұлан шешіп оқыған.Дереккөзі: Қ.Ахметов, «Ұлытау», « Менің Отаным ? Қазақстан» сериясы А.Сейдімбеков. «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабы