«Ақсақалдар кеңесі аталы сөз айтатын беделді институт бола ала ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 21-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Іскерлік форум ірі жобаларға бастайды». «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында осы тақырыппен жарық көрген мақалаға Үкіметбасы Кәрім Мәсімовтің Беларус Республикасына жұмыс сапары арқау болған. «Кеше Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Беларус Республикасының Премьер-Министрі Сергей Сидорскиймен кеңейтілген екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты одан әрі дамыту мәселелері туралы жан-жақты пікір алмасты», деп жазады басылым. Премьер-Министрдің сапары жайында басылымнан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Сонымен қатар Үкімет басшысының сапары жайында «Казахстанская правда» газетінде де көлемді мақала басылды.

«Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде Қырғызстан уақытша үкіметінің төрайымы Роза Отунбаеваның мәлімдемесі жарық көрді. Онда «Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында ашылды. Енді Қырғызстанның экономикасы қайта сілкініп, сауда ағыны жаңғырады. Біз белгіленген экономикалық параметрлерге шығуды жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар өкілдерінің біздерді қазіргі кем-кетіктерді жабу үшін қаржы жағынан жан-жақты қолдауға дайын екендіктеріне сендіргені атап өтуге тұрарлық», делінген.

«Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда дәстүр бойынша депутаттар бірқатар лауазым иелеріне сауалдарын жолдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның баяндауынша, мұнай тасымалдау компанияларының магистралдық мұнай құбыржолдарының күзетін күшейту шаралары қолданылғанына қарамастан, жағдай нашарлай түсуде. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, мұнайдың заңсыз айналымы саласында тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топтар қалыптасқан. Олардың өткізу арналары, сұғына қосылуды және оны бүркемелеуді жүзеге асыратын, мұнайды ағызу (құю) және оны автомобиль көлігімен тасымалдау жөніндегі мамандары бар. Осыған байланысты заң жобасында мұнайды заңсыз тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, қайта өңдеу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгілеу, сондай-ақ мұнай-газ құбыр жолдарынан мұнайды ұрлағаны, қылмыстық жолмен алынған мұнайды сатып алғаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату ұсынылып отыр. бұл жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Мұнай өнімдеріне бақылау күшейтілуі тиіс» деген мақаладан кеңінен оқуға мүмкіндіктеріңіз бар.

***

«»Жақында Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясы Кеңес Одағы республикаларында 30-шы жылдары болған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы қарар қабылдап, аштықты кеңес режімінің өз халқына қарсы жасаған қылмысы деп таныды. Біз қолдан жасалған трагедияны саясиландырмаған күннің өзінде бұған айыпкерді жасқанбай, айқайлап айтуға толық қақымыз бар. Өкінішке қарай, қасіретті оқиғаларға лайықты саяси баға беруден бұрын, тағылым алу үшін ұлттық ауқымда атап өте алмай келеміз», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде басылған «Режімді кінәлау аз, саяси баға керек» деген мақаласында. Сондай-ақ жарияланымда осы жайтқа орай бірқатар елге танымал азматтардың пікірлері қоса берілген.

«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі қояр сауалы - «Ақсақалдар кеңесі аталы сөз айтатын беделді институт бола ала ма?». Осы сауалға жауап берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Амангелді Момышев «Орталық Азия мемлекеттеріне қарағанда, біздің елдің экономикалық, әлеуметтік және саяси ахуалы тұрақты. Егер ақсақалдар алқасы құрылатын болса, билік елдің ішкі мәселелерінде кеңесіп отыратын және құлақ асатын беделді институт бола алады деп ойлаймын. Себебі биліктің өзі ақсақалдар кеңесінің құрылуына мүдделі болып отыр», десе, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы «Құрылайын деп отырған ақсақалдар кеңесі шын мәнінде аталы сөз айтатын беделді институт болады дегенге күмәнім бар. Егер бұл кеңес құрылып, құрамына бұрынғы көзқарастағы коммунистік партияның шекпенінен шыққандар енгізілетін болса, онда бұл кеңестен қандай аталы сөз күтуге болады? Ассамблея мүшелерінің ақсақалдар кеңесіне мүше болып институттың беделін арттырады дегенге де сену қиын. Себебі Тәуелсіздік алған уақыттан бері олардан қоғамға қажетті, елге керек ерекше ұсыныс айтқанын естіген емеспін. Ақсақалдардың ішінде де халықтың алдында беделі бар, билікке де кез келген мәселені ашық айта алатын Салық Зиманов сияқты ақсақалдар бар. Бірақ мұндай азаматтар оған мүше бола ма мәселе сонда», депті.

***

«Таяуда ғана «тамызға дейін үлгеріңдер» деп ел халқын Жеке идентификациялық нөмір алуға асықтырып едік, ресми билік аталмыш нөмірді қолданысқа енгізу мерзімін кейінге қалдырып отыр. Бір ай, тіпті бір жылға да емес, жаңа жүйе 2012 жылы қаңтардың 1-інен бастап қана қолданысқа енетін болды», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, мұндай шешім Үкіметбасы К.Мәсімовтің сәуірдің 28-інде өткізген жиыны барысында қабылданыпты. Алайда БАҚ құлағына енді ғана жетіп отыр.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Асамбеков. «Су шаруашылығы нысандарының меншік түрін коммуналдық және республикалық деп бөлу дұрыс емес» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның жұма күнгі санынан толық оқи аласыздар.

Бұдан бұрын БАҚ-тарда Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиеваның Іле Алатауының шыңына орналасқан, Мәншүк Мәметова атындағы көлден Алматыға қауіп төніп тұрғанын айтып, көлдің суын тез арада ағызу туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысы К.Мәсімовке сұрау салғандығын жазған болатын. «Айқын» газетінің жазуынша, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов тіұшақпен аталған көлдің жағдайын көзбен көріп, қауіпті ештеңені байқамаған. «Мамандардың пікірінше, қазір мұндағы мұзды-қардың қалыңдығы 80 сантиметрден асып тұр. Көлдің мұз құрсауы тек маусым айының ортасында ғана біртіндеп жіпсуі мүмкін», деп жазады басылым.

***

«Литер» газетінің жазуынша, таяу аралықта Қарағанды облысында ұшақтар шығарыла бастамақ. Олар ауыл шаруашылығы қажеттілігіне пайдаланылатын болады. Келесі жылдың өзінде «Фермер-2» және «Фермер-500» ұшақтары әуеге көтеріледі деп күтілуде. «Ауыл шаруашылығына мамандандырылған ұшақтар сериясын шығаруды ұйымдастыру» деп аталатын инновациялық жобалар қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.