Ақсай қаласында алдағы жылы Абайға ескерткіш орнатылмақ
17:12, 02 Желтоқсан 2009
ОРАЛ. Желтоқсанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Ақсай қаласында алдағы жылы ұлы ақын Абайға ескерткіш орнатылмақ.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Қуанышбай Төлебаевтың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, бұл шара ұлы ақынның 165 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің бастамасымен, «Зерде-Память» қорының қатысуымен қолға алынып отыр. Оған өңірдегі кәсіпорындар қаржылай қолдау көрсетпекші.
Бір қолында қаламы, бір қолында кітабы, ойлы қалыпта отырған Абай бейнесін оралдық белгілі мүсінші Юрий Баймұқашев бастаған топ жасап шығармақшы. Ескерткіш Оралдағы «КазАрмаПром» АҚ-да құйылмақ.
Бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Абай ескерткіші Орал қаласы мен Тасқала ауданы орталығында орнатылған болатын.