ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласында 6 маусым күні сағат 16.00 шамасында екі жасар қыз бала кәріз құдығына батып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы Айбек Қайырғалиевтың айтуынша, бүлдіршін әжесімен бірге серуендеуге шыққан. Содан кейін ойнап жүріп, мысықтың соңынан гараждарға қарай жүгірген, сол жерде ашық кәріз құдығы болған. Оны сол бойда іздеп, ТЖ қызметкерлерін шақырған. Құдықтан суды сорып алғаннан кейін қыз баланың денесі шығарылған.
Совет көшесі, 97-мекенжайында тұратындардың сөзіне қарағанда, аталмыш шұңқыр ешқашан жабылмаған, шөп өсіп кеткендіктен, бірден байқау қиын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 25 сәуір күні Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Үшана елді мекенінде 2013 және 2015 жылғы қос сәби ойнап жүріп, жеке тұрғын үй моншасының септигіне түсіп кетіп, көз жұмған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).