ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында ғимаратта газ жарылып, бір адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, оқиға 4 тамыз күні сағат 09.30-да қала шетіндегі «Ақсайжылуқуат» МКК-ның кәріз-тазарту құрылымы ғимаратында болды.
Екі қабатты ғимаратта газ-метан жиналып, содан жарылыс болған. Соның салдарынан екінші қабаттағы қабырға мен терезе жақтаулары құлаған (8 шаршы метр).
Жарылыс орнында кәріз-тазарту құрылымы учаскесінің бастығы, 1961 жылғы азамат қаза тапты.
Күйік жарақатын алған 1967 жылғы технолог ауруханаға жатқызылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).