ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында қатты жел дүкеннің шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 25 сәуір күні қаладағы өндірістік аймақта орын алды.
Екпіні секундына 18 метрге дейін жеткен жел «Стройбат» құрылыс заттары дүкенінің шатырын жұлып түсірген. Оның аумағы 550 шаршы метрді құрады.
Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары, келтірілген шығын көлемі анықталу үстінде.
БҚО ТЖ департаменті ауа райының бұзылатыны жөнінде барлық әкімдіктер мен коммуналдық мекемелерге, тұрғындарға алдын ала хабарлап келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын үш облыста жел күшейіп, үсік жүретіні жөнінде жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).