ОРАЛ. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев үшем дүниеге келген Күзембаевтар отбасына үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Үшемді анасы Динара Сарғожиева 3 наурыз күні Орал қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта өмірге әкелген болатын. Бұлардың екеуі қыз да, біреуі - ұл. Бұдан бұрын да үлкен ұлдары бар Асан мен Динара көп балалы отбасы болып шыға келді. Мұндай оқиға Бөрлі ауданында 51 жылдан кейін қайталанып отыр. 1961 жылы Бөрлі ауылында Ананчик отбасында үш қыз дүниеге келген.
Үшемнің әкесі Асан Күзембаев аудандық телекоммуникация торабында бас инженер болса, Динара Сарғожиева - «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесінің бас бухгалтері. Олардың екеуінің де жасы 32-де. Көп бала табу Динараның қанында бар. Соғыстан кейінгі жылдары Динараның әжесі дүниеге үшем келтірген екен.
Жас отбасына «Қазақтелеком» АҚ атынан теледидар, «Қазпошта» АҚ-дан ақшалай сыйлық тапсырылды. Аудан басшысы оларға бұдан былай да қолдау-көмек көрсетіліп тұратынын жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).