Ақсай қаласында жаңа мектеп пайдалануға берілді

None
ОРАЛ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақсай қаласының 10-ықшамауданында 900 орындық №6 орта мектеп ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектептің ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев құрылысқа қаржы бөлген «ҚПО б.в.» басшылығына, құрылысты жүргізген мердігер ұйымдарға алғысын білдірді.

ҚПО-ның Үкіметпен байланыс және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Нұржан Камалов: "Осы заманғы жаңа мектептің ашылуы - оқу жылының қарсаңында Ақсай қаласының шәкірттеріне жасалған тамаша сыйлық", - деді.

№6 орта мектептің құрылысы екі жылға жетер-жетпес уақытта аяқталды. ҚПО-ның бұл ауқымды әлеуметтік жобаға салған қаржысының жалпы мөлшері 8 млн АҚШ долларынан асып жығылды. Бас мердігер - оралдық "Жайықсельстрой" ЖШС.

Мектептің үлкен ғимаратын есептемегенде екі спорт залы, би және компьютер кластарына, 560 орындық акт залына қоса мектептің жанынан стадион, алғашқы әскери дайындық алаңы, оқу-тәжірибе аумағы салынды. Ол еңбекке баулу, табиғаттану, жағырапия, биология, кластан тыс сынып жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Мектеп ҚПО қаржысына жиһазбен, компьютерлік техникамен және әдістемелік материалдармен толық қамтамасыз етілді. Оған қоса ҚПО жол жүру ережелерін үйрететін оқу алаңын да салып берді. Жоба барысында мектеп аумағы жайластырылып, көгалдандырылды.

Жаңа мектептен бөлек биылғы оқу жылы қарсаңында ҚПО-ның демеушілігімен Березов, Успен, Қарасу, Приурал, Қызылтал ауылдық округтеріндегі орта мектептерге және Бөрлі аудандық мектеп-интернатына жалпы жиынтығы алты автобус сатып алынды.