ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласында 64 жастағы кәсіпкерді өлтірген күдікті іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 15 шілде күні сағат 22.00-де болды.
«М.Иқсанов көшесіндегі өз үйінің кіреберісінен 1958 жылғы ер адамның мүрдесі табылды. Марқұм басынан оқ жарақатын алған. Сондай-ақ үйдің ауласынан маркасы белгісіз атыс қаруы табылып, тәркіленді. Мүрде Орал қаласындағы мәйітханаға жіберілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті іздестіріліп жатыр», деді ведомстводан.
Марқұм өз дүкені бар кәсіпкер болған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жол апатынан 8 адамның қаза табуы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).