Оның айтуынша, «Ақсай нан өнімдері комбинатында» 24 мың басқа арналған және сою цехы бар шошқа кешені бар. Сондай-ақ «Қазақстан элеваторы» және «Ақсай тағамдары» сүт өңдеу зауыты тоқтап тұр. Биыл осы кәсіпорындарда жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Жалпы, Бөрлі ауданында 2018-2025 жылдары 6,5 млрд теңгеге 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Биыл ауданда 1292 гектар суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу ойластырылуда. Ақсайда «Ақсай адал ет» кәсіпорны базасында 21 млн теңгеге ауысымына 15 ірі қара малын соятын модульді цех салынбақшы. Пугачев ауылында «Аманат» шаруа қожалығы 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасын қолға алмақшы. Басқа да жоба-жоспарлар бар.
Мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Өткен жылы 472 пәтер бой көтерсе, биыл бұл жұмыс жалғасады. Ақсайда 120 пәтерлік отбасылық үлгідегі жатақхана салынбақшы. Осындай жатақханалар ауылдарда да тұрғызылмақ. Сондай-ақ 2018 жылы Ақсайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына арналған үш тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысы басталмақшы.
Есептік жиынға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысып, Елбасы Жолдауына сәйкес алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетті.
Айта кетейік, облыстағы әкімдер есебі 16 ақпан күні Оралдағы Оқушылар және жастар сарайында өтетін өңір басшысы Алтай Көлгіновтің тұрғындармен есептік кездесуімен түйінделетін болады.