ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында газ жарылысынан жарақат алған әйел қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бөрлі аудандық ауруханасынан алынған мәліметке қарағанда, «Ақсайжылуқуат» МКК-ның кәріз-тазарту құрылымы ғимаратында болған жарылыстан кейін 1967 жылғы технолог әйел 65 пайыз дене жарақатын алған еді.
Аурухана дәрігерлері әйелдің өмірі үшін барынша күрескенімен, қатты күйіп қалғандықтан, марқұм көз жұмды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қазіргі кезде аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 156-бабына (еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақсай қаласында газ жарылысынан бір адамның мерт болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).