ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласында қанды оқиға орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, белгісіз біреу бүгін таңғы сағат 05.00 шамасында 5-шағынаудандағы үйдің кіреберісінде (подъезінде) қала тұрғынын пышақтап кеткен.
Жедел жәрдем шақыртқанымен, ол оқиға орнында қайтыс болып кеткен. Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне берілді.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, марқұм валюта айырбастаумен айналысқан көрінеді.
Оқиға орнында Орал қаласынан келген криминалистер де жұмыс жасады.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ақпараттың прокуратурамен келісуге жіберілгенін, кейін берілетінін жеткізді.
Фото: app.sm-news.ru
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).