ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында көпқабатты үйдің қабырғасына белгілі әнші Батырхан Шүкеновтің суреті салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаевтың айтуынша, аталмыш жеті қабатты үй Халықтар достығы көшесі бойында орналасқан.
Бұдан бұрын Жеңістің 75 жылдығына орай осы көшедегі 9 қабатты үйдің қабырғасына Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының бейнесі салынған еді.
Мұндағы мақсат – ел тарихында орын алатын белгілі тұлғаларға құрмет көрсету. Биылғы мерейтойларға орай мурал салу идеясын аудан әкімдігі көтерсе, жергілікті КИОС компаниясы қаржылай қолдау көрсетті.
«Екі муралды да Unicorns деп аталатын оралдық қыз бен жігіт салды. Қаланың орталық көшелерінің бойында тұрған бейнелерді Шыңғырлау ауданы мен Қарашығанақ кенішінен келетін көпірден түскенде, негізгі жолмен келетіндердің бәрі көреді. Алдағы уақытта бұл іс жалғасын тауып, бұйырса, ұлы ақынымыз Абайдың бейнесі де асқақтап тұратын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Алпамыс Көшкінбаев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).