ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында пышақ жарақатынан 32 жастағы ер адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 27 қыркүйек күні сағат 01.18 шамасында Шыңғырлау көшесінде болды.
32 жастағы А. деген тұрғын 1988 жылғы С-ға пышақ сұққан. Соның салдарынан 32 жастағы ер адам Бөрлі аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде есін жия алмастан көз жұмды.
Сот-медициналық сараптама актісіне сәйкес марқұм сол жамбасынан жарақат алған, пышақ күре тамырын қиып кеткен.
Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес Бөрлі ауданы полиция бөлімінің уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөлік өзенге құлап, бір адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).