ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласында жылу құбырларын жөндеу кезінде кеше топырақ басып қалған «Ақсайжылуқуат» МКК-ның қос жұмысшысы қазір Оралдағы облыстық клиникалық ауруханада емделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың айтуынша, екеуі де басынан жарақат алып, миы шайқалған. Біреуінің қабырғалары сынған. Қазір травматология бөлімшесінде ем алуда, жағдайлары қалыпты.
БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Азамат Айтуевтың сөзіне қарағанда, оқиға кеше сағат 17.00-де кете болған. Соның салдарынан бір жұмысшы қаза тауып, екеуі жарақат алды. Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілетін болады.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысында арық ішінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар топырақ астында қалғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 156-бабы 3-бөліміне сәйкес (адам өліміне соқтырған еңбек қауіпсіздігі ережесін сақтамау) қылмыстық іс қозғалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).