Ақсайдағы газ құю стансасындағы өртке тұрмыстық газ баллонының жануы себеп болған - прокуратура

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы 4 тамызда орын алған Ақсай қаласына кіреберістегі газ құю стансасындағы өртке тұрмыстық газ баллонының жануы себеп болған.

Бөрлі ауданы прокуратурасынан түскен мәліметке қарағанда, бұл осы оқиғаға байланысты аудандық ішкі істер бөлімі ҚР ҚК 156-бабы 4-бөлігіне сәйкес (екі және одан көп адамның өліміне соқтырған еңбек қорғау ережесін бұзу) қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізу барысында өрт-техникалық зерттеу қорытындысынан кейін белгілі болды.

Қазіргі кезде БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасы жұмыс беруші мен қызметкердің кінәсін анықтау мақсатында арнайы тексеру жүргізуде. Кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі осы тексеру қорытындысы бойынша шешілетін болады.

Еске сала кетейік, аталмыш газ құю стансасындағы өрт пен екі цистернадағы жарылыстан кейін 58 және 59 жасар екі адам қатты күйік алып, соның салдарынан кейін көз жұмған болатын. Олардың бірі сол станса операторы, екіншісі көлігіне газ құюға келген жүргізуші еді.

Станса «Алау» ЖШС-ына тиесілі.