АҚШ Алматыда жаңа консулдық тұрғызады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда АҚШ Консулдығының жаңа ғимараты салынады. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі аптада Алматы қаласының әкімімен кездесемін. Себебі біздің жаңа консулдық тұрғызсақ деген ниетіміз бар. Бұл біз үшін өте маңызды, себебі қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі, оның ішінде жергілікті қызметкерлер де бар - елшінің басты міндеті. Құрылыстың уақыты жер теліміне қатысты келіссөзді бекітуге тікелей байланысты», - деді елші қазақстандық журналистермен кездесуде.

Оның айтуынша, жаңа ғимарат құрылысы Вашингтондағы процедураларға байланысты, үш жылға созылуы мүмкін. Алматыдағы АҚШ консулдығы екі кеңседе орналасқан. Ал бөлек ғимараттың болуы америкалық заңнама талаптарында көрсетілген.

«Алматыда екі кеңсеміз бар. Біріншіден, жер сілкінісі болған жағдайда, қауіпсіздікпен қамтамасыз ете алмаймыз. Жалпы, бізге артылған нақты қауіпсіздік ережелері бар, бірақ өз ғимаратымыз болмағандықтан, бұл талаптарды сақтай алмай отырмыз. Мәселен, сыртқы қақпа мен елшіліктің арасы 30 метр болуы керек. Бұл - АҚШ Конгресінің талабы», - деп атап өтті У. Мозер.