АҚШ америкалықтарды Таяу Шығыстағы 10-нан астам елден дереу кетуге шақырды

Фото: Report.az

АСТАНА. KAZINFORM – Дүйсенбіде АҚШ Мемлекеттік департаменті Таяу Шығыста тұратын америкалықтарды көліктің барлық қолжетімді түрлерін пайдаланып аймақтан мүмкіндігінше тезірек кетуге шақырды. 7

Ескерту Бахрейн, Мысыр, Иран, Ирак, Израиль, Иордания, Кувейт, Ливан, Оман, Қатар, Сауд Арабиясы, Сирия, Біріккен Араб Әмірліктері, Йемен, Батыс жағалау және Газа секторында жүрген америкалықтар үшін жарияланды.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының консулдық мәселелер жөніндегі көмекшісі Маура Намдар бұл елдерде жүрген АҚШ азаматтары үшін елеулі қауіпсіздік қатері сақталып отырғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Иранға қарсы әскери операцияның алғашқы күнінде Мемлекеттік департамент шетелдегі барлық америкалықтарға «жаһандық деңгейдегі» ескерту жариялады, бұл Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығыстан бері алғашқы ескерту болды, деп жазды NBC News. 

Мемлекеттік департамент өзінің дипломатиялық қатысуы туралы ақпаратты жарияламай отыр, сондықтан Таяу Шығыста қанша америкалық азамат бар екені белгісіз.

Осыған дейін АҚШ президенті Трамп Иранға қарсы әскери операция қажет болғанша жалғасатынын мәлімдегенін жаздық.