АҚШ әскері Ирандағы нысандарға кезекті рет соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қарулы күштері Ирандағы нысандарға қарсы жаңа әскери операция бастағанын мәлімдеді. Вашингтонның мәліметінше, бұл шара Тегеранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына кедергі келтіру мүмкіндігін шектеуге бағытталған, деп хабарлайды DW .

Фото: Sasan/Middle East Images/SIPA/picture alliance

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде соққы жасау туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі бергені айтылды. Әскерилер жаңа шабуылдардың нақты қандай нысандарға бағытталғанын жариялаған жоқ.

Бір күн бұрын CENTCOM Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне жасалған шабуылдарға жауап ретінде Ирандағы 80-нен астам нысанға соққы бергенін хабарлаған еді.

АҚШ әскері Иранның әуе қорғанысы жүйелерін, басқару және байланыс желілерін, жағалаудағы радиолокациялық қондырғыларын, кемеге қарсы зымыран кешендерін, сондай-ақ Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) 60-тан астам катерін нысанаға алған.

Жаңа шабуылдар туралы хабарланар алдында Вашингтон екі аптадан сәл астам уақыт бұрын тоқтатылған Иран мұнайына қатысты санкцияларды қайта күшіне енгізді.

АҚШ соққыларынан кейін Иран билігі Вашингтонды Ормуз бұғазындағы еркін кеме қатынасы туралы меморандумның бесінші тармағын бұзды деп айыптады.

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаидің айтуынша, АҚШ біржақты әрекеттері мен Иранға қарсы агрессиялық қадамдары арқылы келісімді іс жүзінде бұзған.

– Иран өзінің егемендігі мен ұлттық мүддесін қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Иран бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тегеран АҚШ-тың алғашқы соққыларына жауап шараларын жариялады.

Кувейт пен Бахрейн де Иран тарапынан атқылау болғанын хабарлады. Бұл шабуылдар үшін жауапкершілікті Ислам революциясы сақшылар корпусы өз мойнына алып, олар АҚШ-тың Хормозган және Махшахр провинцияларындағы жағалаудағы базалар мен азаматтық нысандарға жасаған әуе шабуылдарына жауап ретінде Кувейт пен Бахрейндегі америкалық әскери нысандарға бағытталғанын мәлімдеді.

НАТО саммиті аясында 8 шілдеде журналистердің сұрағына жауап берген АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы бітім мен әскери іс-қимылды тоқтату туралы меморандумның енді күшінде емес екенін айтты.

– Меніңше, оның бәрі аяқталды. Олармен енді ешқандай байланыс жасағым келмейді, – деді Трамп.

Ол Иран өкілдерімен кез келген байланысты уақыт жоғалту деп бағалады. Сонымен бірге АҚШ президенті келіссөз жүргізушілері қаласа, Иранмен диалогты жалғастыруына кедергі келтірмейтінін мәлімдеді.

Еске сала кетсек, кеше АҚШ Иран мұнайын сатуға берілген уақытша рұқсатты қайтарып алғанын жаздық.