Коалиция кеткенмен, қаруды тапсыру үдерісі неге жүзеге асқан жоқ
Ирак үкіметі 30 қыркүйекке дейін АҚШ бастаған халықаралық коалицияның қалған әскери күштерін толықтай елден шығаруды жоспарлаған еді. Соның нәтижесінде республика аумағындағы қарулы топтардың қаруын мемлекеттік бақылауға қабылдауды көздеді.
Бағдат бұл екі міндетті бір-бірімен тығыз байланыста қарастырды. Өйткені, ресми билікке бағынбайтын жасақтар Ирактағы шетелдік әскери күштермен күресіп жатқанын жылдар бойы айтып келді. Ал халықаралық коалиция мемлекеттен шығып кетсе, онда аталған топтарға қаруын тастамауға себеп қалмайды. Себебі, енді соғысатын шетелдік әскер жоқ. Ирак үкіметінің есебі осындай еді.
Ондай жағдайда әскери операцияларды жүргізу құзіреті мен мүмкіндігіне тек үкімет қана ие болатын. АҚШ контингенті, расында да, биыл елден кетуге дайындалды. Қыркүйектің ортасында Ирактың солтүстігінде қалған жүздеген америкалық әскери қызметші негізінен Иорданияға және аймақтағы басқа елдерге көшірілді. Сонымен қатар, коалиция өз нысандарын қорғау үшін пайдаланған әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын және т.б. әскери жабдықтарын да алып кетті.
30 қыркүйекте Ирак АҚШ бастаған халықаралық коалиция миссиясының аяқталғанын жариялады.
Бағдат коалиция миссиясының аяқталған уақытын егемендік мерекесі деп жариялап, 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында халыққа демалыс берілді. Нақтырақ айтқанда, Ирак Премьер-министрі Әли әз-Заиди 1 қазан Егемендік күні деп белгіленгенін мәлімдеді.
Еске салайық, халықаралық коалицияның миссиясы 2014 жылы «Ислам мемлекеті» Ирактың едәуір аумағын басып алғаннан кейін басталды. Сол кезде Бағдат халықаралық әскери көмек сұраған болатын. Террористік топтың негізгі күштері талқандалып, ол басып алған аумақтарынан айырылғаннан кейін Ирак билігі республикадағы шетелдік әскерді барынша қысқартуға ұмтылды. Себебі, үкімет содырлардың қалған ұсақ жасақтарын өз күшімізбен еңсере аламыз деп есептеді.
2024 жылы Бағдат пен Вашингтон коалиция миссиясын кезең-кезеңімен тоқтату туралы келісімге келді. Миссия аяқталғаннан кейін де Бағдат коалицияға қатысушы мемлекеттермен екіжақты негізде ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отыр. Касим әл-Араджидің айтуынша, мұндай серіктестік барлау ақпаратын алмасуды, тәжірибе бөлісуді, сондай-ақ Ирак күштерінің дайындығы мен мүмкіндіктерін арттыруды қамтиды.
Алайда әскер шығару мерзімі жақындаған сайын қарулы топтардың бір мезгілде қарудан бас тартуға дайын еместігі айқын болды. Үкімет шетелдік серіктестерімен әскерді шығару тәртібін үйлестіргенімен, ел ішіндегі мәселелерді шеше алған жоқ. Кей жасақтардың қолбасшылары қосымша талаптар қойып, қару-жарағын өткізуге асыға қоймады. Салдарынан Бағдат бастапқыда өзара байланысты деп қарастырған екі үдеріс бір мезетте жүзеге аспай, әртүрлі кесте бойынша жүре бастады.
The New York Times газетінің 21 қыркүйекте жарияланған санында Ирак Премьер-министрі Әли әз-Заиди осы тақырып төңірегінде берген сұхбаты жарияланды. Онда спикер елдегі үкіметке бағынбайтын жасақтардың қаруын өткізетін жаңа мерзімді мәлімдеді, яғни 2027 жылдың 30 маусымын атады.
Премьер ұсынған жоспарға сәйкес, коалиция кеткеннен кейін 90 күндік кезең басталады. Осы уақытта қарулы топтар шабуылды тоқтатуы, ал АҚШ оларға қарсы соққы жасаудан бас тартуы тиіс. Бұдан кейін қаруды мемлекетке біртіндеп беру үдерісі басталып, ол 2027 жылғы 30 маусымға дейін аяқталуы керек.
Бұл тәртіп сақталған жағдайда бірінші кезең қазан-желтоқсан айларын қамтиды, ал қару-жарақ арсеналдарын тапсыру уақыты 2027 жылдың алғашқы жартысына сай келеді.
Демек, осы қосымша тоғыз ай үкіметке келіссөздерді атыс-қантөгіссіз жалғастырып, белгілі бір ымыраларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қарулы топтарға да тиімді. Олар өздерінің болашағына қатысты қауіпсіздік кепілдіктерін келісіп алуға және қаруды тапсыру шарттарына ықпал етуге уақыт ұтады.
Үкіметке бағынбайтын жасақтар қаруын тапсыруға неге асықпайды
2003 жылы Иракқа АҚШ басып кіргеннен кейінгі соғыстар мен саяси дағдарыстар салдарынан әскери құрылымдар елдің маңызды секторларына орнығып үлгерген. Әз-Заиди олармен келіссөз жүргізуге мәжбүр.
Қарулы құрылымдардың ауқымды кіріс көздері және билік органдарында жақтастары бар. Сол себепті, үкімет шешімдеріне ықпал ете алады. Олардың көбі Иранмен тығыз байланыста, яғни Тегеранның қолдауына ие. Бұл жасақтардың Бағдатпен келіссөздердегі позициясын одан әрі күшейтеді.
Бұған дейін қолбасшылар талаптарын үкіметке қарамағындағы жасақтармен, қарумен сес көрсету, яғни күш арқылы орындатып келді. Қазір оларға саяси өкілдігі мен экономикадағы тетіктерін сақтау мүмкіндіктері ұсынылып отыр. Әйтсе де, қаруын тастаған соң, бұрынғы айбары мен ықпалынан айырылып, мемлекеттік органдардың шешімдеріне тәуелді болатыны анық. Сондықтан қаруды мемлекетке өткізу мәселесі жасақтардың ықпалын қаншалықты сақтай алатынына және олардың басшылары мен жауынгерлерінің мүдделерін кім қорғайтынына тікелей байланысты.
Ирак үкіметінің әзірге бұл түйткілді күшпен шешуге шамасы жетпейді. Ондайға барса, жағдайды ушықтырып алуы мүмкін. Тамыз айында «Харакат ан-Нуджаба» тобына қарасты барлау қызметі басшысының ұсталуына байланысты оқиға сөзімізге дәлел.
Reuters агенттігінің мәліметінше, 17 тамызда арнайы жасақ оны америкалық нысандарға жасалған дрон шабуылдарына қатысы бар деген күдікпен ұстады. Күдікті 48 сағат тұтқында болды. Ал оның тобы қатаң жауап беріп, кек алатыны туралы үздіксіз қоқан-лоқы жасады. Қақтығыстың ушығуына жол бермеу үшін мәселеге ықпалды шиит саясаткерлері араласты. Демек, ресми биліктің әскери жасақтарға қарсы күш қолдануы не олардың мүшелерін қолға түсіруі орасан қарсылыққа ұшырайды. Ондай жағдайда үкімет шиеленіскен жанжалды саяси делдалдар арқылы реттеуге мәжбүр болады. Мұны жоғарыда аталған жайт анық көрсетті.
Оның үстіне, Премьер-министр кабинетін кей қарулы топтар қолдайды. Өзін қолтығынан демеп отырған жасақтарға Әз-Заиди қатты қысым жасай алмайтыны түсінікті. Өйтсе, олардың қолдауынан айырлып қалуы ықтимал. Ал шетелдік серіктестерге Ирактағы топтарды қарусыздандыру туралы берген уәдесін орындамаса, халықаралық аренадағы беделі түсіп, абырой-ықпалына күмән мен нұқсан келетіні даусыз. Сондықтан ол екі оттың ортасында қалғандай қиын халде.
Сонымен бірге, қарулы құрылымдардың өздері де қаруды тапсырғаннан кейін не ұтып, не жоғалтатынын әртүрлі бағалайды. Мысалы, «Асаиб әхл әл-Хак», «Катаиб әл-Имам Әли» және Муктада әс-Садр қозғалысының «Сарая әс-Салам» тобы өз арсеналдарын мемлекет қарамағына беруге дайын екенін мәлімдеді. Саяси ықпалын сақтап қалудан дәмелі күштер үшін үкіметпен келісімге келу ең қолайлы шешім екені шүбәсіз.
Ал «Катаиб Хезболла» мен «Харакат ан-Нуджаба» анағұрлым қатаң ұстанымда. Бұл топтар үшін дербес әскери күшке ие болу - Ирактағы және аймақтағы рөлінің маңызды бөлігі. Олар жеңілдіктерді шетелдік күштердің кетуімен байланыстырады. Аталған жасақтардың талаптарының ішінде түрік әскерлерін шығару, Ирактың әуе қорғанысын күшейту және солтүстік шекараларды бақылау тәртібін өзгерту тәрізді мәселелер бар.
Бұл талаптарды орындау басқа мемлекеттермен және Ирак Күрдістаны билігімен келіссөз жүргізуді қажет етеді. Сондықтан Бағдат олардың барлығын өз бетінше және қысқа мерзімде орындай алмайды. Бұл жағдай қарулы топтарға америкалықтар кеткеннен кейін де қаруды сақтап қалуға желеу болады. Өйткені, олар елдің қауіпсіздігіне төнген басқа қауіптердің әлі жойылмағанын алға тарта алады.
Тағы бір айта кететін дүние - жекелеген мәселелер бойынша келіссөздер ілгеріледі. Қыркүйекте Анкара мен Бағдат Башика – Зеликан базасын кезең-кезеңімен Ирак тарапына беру туралы келісті. Алайда Түркияның Ирактың солтүстігіндегі біраз әскери нысаны бұл келісімге енбей қалды.
Вашингтон мен Тегеран: екі түрлі көзқарас пен мүдде
Вашингтон америкалық әскерлер кеткеннен кейін Ирак үкіметінің қарулы топтардың шабуылдарына тойтарыс беруге және өз аумағындағы қауіпсіздікке жауап беруге қабілетті болғанын қалайды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 21 қыркүйекте Нью-Йоркте Әли әз-Заидимен кездесіп, дербес қарулы құрылымдарды жою және Ирак аумағынан жасалатын шабуылдардың алдын алу мәселелерін талқылады. АҚШ үшін Бағдаттың міндеттемелерін орындауы маңызды, яғни дербес жасақтарды үкіметтің ұстанымына қарамастан өз бетінше жүргізетін операцияларын тоқтатуға мәжбүрлі түрде алып келу керек.
Ирактан әскерді шығару шабуылға ұшырайтын америкалық әскери қызметшілердің санын азайтады. Алайда қарулы топтардың АҚШ мүдделеріне және көрші мемлекеттерге соққы беру қатері сақталады. Сондықтан Вашингтон әз-Заидидің мұндай шабуылдарды тоқтата алу қабілетіне қарай оның әрекеттерін бағалап, мәселені одан әрі қарастырады. Егер жасақтар қаруын тастамай, өзімбілемдікке сала берсе, коалицияның кетуі АҚШ пен Ирак арасындағы шиеленіс шешілмеуі әбден мүмкін.
Ал Тегеран америкалық әскердің кетуін оң бағалайды. Өйткені, бұл көршілес елде саяси қарсыласының әскери контингенті мен ықпалын азайтады. Иран парламенті ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Әмір Хаят Мокаддам АҚШ әскерінің кетуін қолдайтынын мәлімдеді.
Reuters агенттігі Мокаддамның сөзін келтіреді: